A modern view on Kazakh history in the press of royal Russia
DOI:
10.26577/HJ.2023.v68.i2.08Abstract
Мақаланың мақсаты – орыс зерттеушілерінің журналистік жарияланымдарындағы қазақ тақырыбына талдау жасау және «Түркістан жинағына» топтастырылған Н.С. Лыкошин очерктеріндегі отаршылдық сарын, әскери тыңшы М.И. Венюков жазбаларындағы саяси көзқарас қандай дәрежеде көрініс тапқанын ғылыми сарапқа салу.
Негізгі бағыттары мен идеялары – қазақ халқының 1917 жылғы қазан төңкерiсiне дейiнгi тұрмыс-тiршiлiгiн зерттеп, бiлуде орыс тiлiндегi мерзiмдi басылымдардағы орасан бай жарияланымдардың қазақ журналистикасын зерттеудегі маңызы ғылым үшін үлкен мәнге ие. Осы орайда, «Түркістан жинағындағы» баспасөз материалдар бiржақты қарастырылмай, онда қамтылмай қалған мәселелердi кешендi түрде саралауға ұмтылыс жасалды. Сол тұстағы әртүрлi мерзімді басылымдармен бiрге бiрқатар ғылыми жинақтардағы қазақ даласына қатысты мәлiмет, деректерге барынша көңiл бөлiніп, өзара салыстырыла талдау жасалды.
Зерттеу әдістемесі – «Түркістан жинағындағы» қазақ жерін зерттеу жұмыстары жайындағы журналистік шығармалардың жанрлық ерекшеліктері екшеліп, жинаққа енгізілген орыс газет-журналдарының жарияланымдары баспасөз жанрлары бойынша жүйеленді. «Түркістан жинағына» топтастырылған орыс мерзімді басылымдарында жазылған қазақ халқының ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі әлеуметтік жағдайы жайындағы жарияланымдарға талдау жасалып, газет-журналдар бұл мәселені патшалық Ресейдің отарлау саясатының бір саласы ретінде қарастыруының себептері көрсетілді. Қазақ жерінің қазба байлықтары және табиғат жағдайының орыс мерзімді басылымдарында жазылуы, «Түркістан жинағында» молынан кездесетін қазақ даласына жалпы физика-географиялық сипаттама берілген материалдардың мәніне зер салынды.
Негізгі нәтижелер, талдау және тұжырымдама. Патшалық Ресейдiң Орталық Азияға байланысты жүргiзген саясаты мынадай үш кезеңде жүзеге асырылды. Бiрiншi кезеңде, яғни ХIХ ғасырдың басы мен 40-жылдарына дейiнгi аралықта екi жақ өзара дипломатиялық елшiлер арқылы қарым-қатынас жасап, даулы жәйттердi бейбiт жолмен шешуге әрекет жасады. ХIХ ғасырдың 40-60-жылдарын қамтыған екiншi кезеңде Ресейдiң бұл аймаққа деген саясаты басқаша сипат алып, «көршiге қыр көрсету» түрiне енді. Орта Азия хандықтарына қарсы алғашқы әскери жорықтар жасала бастады. Ал ХIХ ғасырдың 60-жылдарының ортасы мен 80-жылдарына сәйкес келетiн үшiншi кезеңде патша өкiметi дипломатиялық келiссөздер жүргiзуден бас тартып, әскер күшiмен жаулап алуға белсене кiрiсті. Осы туралы деректер жүйеленіп, «Түркістан жинағында» жинақталған орыс баспасөзіндегі осы үш кезеңде өткен оқиғалар жан-жақты қамтылған журналистік шығармалардың мазмұнына талдау жасалды.
Түйін сөздер: Н.С. Лыкошин, М.И. Венюков, қазақ халқының өмірі, публицистикалық еңбектер, очерктер.

