ТМД елдеріндегі қоғаммен байланыстың дамуы

Авторлар

DOI:

10.26577/HJ.2022.v63.i1.07

Аңдатпа

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) елдеріндегі қоғамдық қатынастардың пайда болуы мен дамуына 1985-1991 жылдары КСРО-да жүргізілген «жариялылық» саясаты және экономикалық реформалар себепші болды. Осылайша, қоғаммен байланыс қызметінің пайда болу мерзімі демократиялық қайта құрулармен және нарықтық қатынастардың қалыптасуымен сәйкес келеді. Тәуелсіз елдерде PR-дың одан әрі қалыптасуы осы кезеңде қаланған теориялық және практикалық негізде жүзеге асты. Қоғаммен байланыс жөніндегі ұлттық ассоциациялар құрылды, Қоғамдық қатынастар саласындағы кәсіби-этикалық қағидалар туралы декларациялар қабылданды. ТМД университеттерінде PR мамандарын дайындайтын арнайы кафедралар ашыла бастады.

   Бұл үдеріс жаһандық сипатқа ие екендігін айта кету керек. Оның жекелеген елдерге тән өзіндік ерекшеліктері, сонымен қатар кезеңдік айырмашылықтары бар, сондықтан бұл құбылысты ТМД ауқымында зерттеу тарихи және саяси талдауды қажет етеді.

   Мақаланың мақсаты – коммуникативтік құбылыс ретінде ТМД елдеріндегі қоғамдық қатынастардың даму тарихын зерделеу. Фактілерді талдау посткеңестік PR-дағы көптеген заманауи үрдістердің осы кезеңде пайда болғанын және дамығанын көрсетеді.

   Осы мақсатқа жету үшін келесі зерттеу міндеттері қойылды: ТМД елдеріндегі қоғаммен байланыстың қазіргі жағдайын талдау, негізгі әдістемелік тәсілдерді түсіндіру және посткеңестік PR-дың тұжырымдамалық негіздерін анықтау, ақпараттық модельдердің даму серпінін зерттеу және коммуникативтік PR технологияларды қолдану ерекшеліктерін зерделеу. Зерттеу нәтижелерінің посткеңестік кеңістіктегі PR-дың даму тарихын ой елегінен өткізуде теориялық және практикалық маңызы бар.

    Мақалада ТМД елдеріндегі қоғаммен байланыстың әлеуметтік-мәдени феноменінің тұжырымдамалық сипаттамаларын анықтауға арналған, ғылыми әдебиеттерде ұсынылған теориялық және әдістемелік тәсілдерді жан-жақты талдауға ұмтылыс жасалады.

    Мақаланың соңында оқу пәндері бойынша курстарды әзірлеуде қолдануға болатын ұсыныстар мен қорытындылар, сондай-ақ әдістемелік нұсқаулар тұжырымдалған.

  Түйін сөздер: қоғаммен байланыс, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, PR нарығы, демократияландыру, мемлекеттік басқару, ақпарат.

Жарияланды

2022-03-30