Бұқаралық ақпарат құралдарында көші-қон мәселелерін көрсету: медиа әсері

Авторлар

DOI:

10.26577/HJ.2023.v69.i3.05

Аңдатпа

Көші-қон контексінде сенімді ақпарат берудегі және қоғамдық пікір қалыптастырудағы БАҚ-тың маңызы зор.  Бұқаралық ақпарат құралдарының көші-қон мәселесін  жариялау деңгейі аудитория қабылдайтын ақпарат сапасына елеулі ықпал етеді, бұл өз кезегінде көші-қон мәселелерінің қоғамда қабылдануына әсерін тигізеді.

Бұл жұмыстың мақсаты – Қазақстандағы көші-қон және «қандас» тақырыбындағы бұқаралық ақпарат құралдары жарияланымдарының аудиторияға әсерін зерттеп, ықпал ету деңгейін анықтау.

Авторлар медиа әсері БАҚ ықпалының салдарын зерделеумен айналысатын зерттеу парадигмасы екендігін көрсетеді. Дегенмен, бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық пікірге және қалыптасқан стереотиптерге ұзақ мерзімді әсерін концептуалдау зерттеушілерге едәуір қиындық туғызады. Ғылыми зерттеудің әдістемелік негізін құрайтын БАҚ, әлеуметтік желілер материалдарын сараптау БАҚ материалдарының көпшілігінде «қандастар» көшіндегі түйткілді мәселелер қозғалатынын, сарапшылардың пікірлері арқылы өзекті мәселелердің шешілу жолдары баяндалатынын көрсетті. Қытай мен Өзбекстандағы «қандастарға» Қазақстан туралы ақпарат жетіспейді. Қазақстандағы «қандас» балалардың тілдік, ділдік, психологиялық жағдайлары да өзекті мәселелерге толы.

Мақалада «қандас» тақырыбына байланысты деректерді жинастыру, мазмұнды талдау, салыстыру әдістері қолданылды.  Зерттеуге негіз болған жарияланымдар аудиторияға БАҚ әсерінің зор екендігін көрсетеді.

Зерттеу қорытындылары авторлардың көптеген материалдарға тән ортақ кемшіліктерді анықтауына мүмкіндік берді, олар - статистикалық мәліметтердің аздығы, оқиға кейіпкерінің «қандас» екендігіне көңіл бөлмеу, тарихи отанына оралған азаматтардың әлуметтік күрделі жағдайын қозғай отырып, эмоцияға берілу, ашу-ыза туғызатын ұшқары пікірлер жариялау (әлеуметтік желі материалдарынан көп байқалады), «қандастар» туралы жағымсыз көзқарастар қалыптастыру (бұл полиция қызметкерлерінің мигранттарға күдікпен қарауына әкеліп соғады) т.б. Оқиғаны бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау әлеуметтік топтардың жағымсыз пікірін туғызуы мүмкін. Кейде тақырыпқа қатыссыз мәселелер төңірегінде де пікірталастар туындайтын жағдайлар кездеседі. Сондықтан көші-қон, атамекенге қоныс аударған «қандастар» мәселелерін БАҚ беттерінде сауатты жазу маңызды. Ақпараттық, сараптамалық материалдар терең талданып, «қандас» бейнесін жасауда кәсіби жауапкершілік пен ақпараттық объективтілік  ескерілуі тиіс. Зерттеудің практикалық маңыздылығы осыдан көрінеді.

Аталмыш зерттеуге республикалық ақпараттық платформалар (Zakon.kz, Tengrinews, Vlast.kz) және мерзімді басылымдар, аймақтық ақпараттық сайттар (Qostanay.TV, Павлодар қаласы) материалдары арқау болды.

Жүктеулер

Жарияланды

2023-09-25

Журналдың саны

Бөлім

ЖУРНАЛИСТИКА: ҚОҒАМ, ТІЛ, ТАРИХ, САЯСАТ, ЗАҢ, ЭКОНОМИКА