БАҚ-тағы қазақ киносы тақырыбының насихатталуы: отандық және шетелдік медиадискурстарды салыстырмалы талдау
DOI:
10.26577/HJ80220262Кілт сөздер:
СМИ, киножурналистика, казахское кино, режиссура, кинопроизводство, кинофестиваль, медиадискурс, медиасистема.Аңдатпа
Кино – кез келген халықтың рухани өмірінің айнасы. Кино арқылы ұлттық мәдениеттің ерекшеліктері, тарихы мен салт-дәстүрі, халықтың болмыс-бітімі айшықталады.
Қазақ киносының тарихы ХХ ғасырдың алғашқы жартысынан бастау алады. Қазақ кинематограф саласы Кеңес одағының мәдени жобалары аясында қалыптасты. Тұңғыш рет 1938 жылы «Амангелді» фильмі түсіріліп, қазақ халқының азаттыққа ұмтылған күресін көркемдік тұрғыда шебер ұсынды.
Шәкен Аймановтың «Атаманның ақыры», «Тақиялы періште» сияқты фильмдері қазақ киносының ең жарқын үлгісі болды. Ұлттық киноның дамуына Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақбаев, Ораз Әбішев, Сатыбалды Нарымбетов сияқты классик режиссерлер зор үлес қосты. Тәуелсіздік жылдары Дәрежан Өмірбаев, Ақан Сатаев, Рүстем Әбдірашев, Ермек Тұрсынов, Тимур Бекмамбетов сияқты талантты режиссерлер оны жаһандық дәрежеге жеткізе білді. Қазақ халқының рухани бай мұрасы, тарихы мен мәдени болмысын бейнелеу кино өнерінің басты тақырыптарының біріне айналды. Түсірілген фильмдер ұлттық рух пен патриотизмді жаңғыртуға үлес қосты.
Мақаланың мақсаты – БАҚ-тағы қазақ киноөнімдерінің дискурсын синтездеу арқылы ұлттық құндылықтардың масс-медиадағы насихатталу үрдістерін ғылыми тұрғыда саралау.
Зерттеудің деректік мазмұны «Жас қазақ», «Ана тілі», «Алты алаш», «Ақжүніс-Астана», «Жас алаш», «Жас қазақ үні» сияқты ұлттық басылымдар мен el.kz, e-history.kz ақпараттық-сайттардың материалдарын қамтиды.
Мақалада зерттеудің салыстырмалы дискурстық талдау, мазмұндық-типологиялық жіктеу әдістері қолданылады. Теориялық-эмпирикалық тәсіл ұлттық құндылықтардың цифрлық және дәстүрлі медиада көрсетілуін түсіндіруге мүмкіндік береді.
Зерттеу нәтижесінде отандық киноның дамуын қолдаудың негізгі медиа құралдары бір жүйеге түсірілді. Сараптамалық кино сынының мәдени капиталды құру және Қазақстанның халықаралық имиджін нығайту факторы ретіндегі маңыздылығы анықталды. Мақаланың ғылыми құндылығы мамандандырылған медиа дискурстың негізінде жатқан тетіктерді терең қарастыру және қазіргі медиақұрылымдар жағдайында кәсіби киножурналистика алдында тұрған проблемаларды анықтаудан көрініс табады.

