Әлеуметтік желілердегі қазақтілді контенттің экономикалық әлеуеті мен монетизациясы
DOI:
https://doi.org/10.26577/p4svq82007Түйін сөздер:
қазақтілді контент, медиа монетизациясы, инфономика, әлеуметтік желілер, контент-мейкер, цифрлық маркетинг, алгоритм.Аңдатпа
Ғылыми зерттеу әлеуметтік желілердегі қазақтілді контентті монетизациялау мәселелеріне арналған. Цифрлық трансформация жағдайында пайдаланушы жасаған контенттің (UGC) көбеюіне қарамастан, қазақтілді мазмұн жасаушылардың көпшілігі контентті тиімді монетизациялауда қиындықтарға тап болуда.
Зерттеудің мақсаты – қазақтілді контенттің әлеуметтік желіде таралуы мен монетизациясының негізгі факторларын анықтау және тиімді стратегияларды ұсыну.
Ғылыми гипотеза ретінде әлеуметтік желілердегі қазақтілді контенттің монетизация тиімділігі контент-мейкердің жеке брендіне, жобаға қатысатын қонақтардың танымалдылығына, аудиторияның белсенділігіне және платформалардағы статистикалық көрсеткіштерге (қаралым, қамтылу, engagement) тәуелді деген болжам ұсынылды.
Зерттеу аралас әдіс негізінде 2020-2025 жылдар аралығында Narikbi Live, Oy-Detox, Zhuldyz Podcast, Aiqap, Qazaqbubble және Gylymshar.kz сынды алты танымал қазақтілді жобаның 102 шығарылымының мазмұнына контент-талдау, метрикалық талдау (YouTube Analytics, Instagram Insights), салыстырмалы талдау және авторлармен сұхбат жүргізілді. Теориялық негіз ретінде инфономика, мәдени өлшемдер, қажеттіліктер иерархиясы және қолдану мен қанағаттану теориялары алынды.
Зерттеу нәтижелерінің ғылыми жаңалығы бойынша, қазақтілді сегментте визуалды қысқа формат (reels, 1 минуттық видео) ең жоғары конверсия мен белсенді қатысу (engagement) басым екені анықталды. YouTube алгоритмінің ұсыныс жүйесі трафиктің негізгі көзі болса, Instagram-дағы видео таргетинг жоғары тиімділік танытқан. Сондай-ақ бірлескен авторлық (co-authorship), көп арналы (multichannel) коммуникация және автор бренді мен медиа өнім брендінің үйлесімі контенттің тез таралуы мен монетизациясын айтарлықтай арттырады.
Зерттеу қазақтілді контент жасаушыларға пайдалы тәжірибелік ұсыныстар жасайды және ұлттық цифрлық медиаэкономиканы дамытуға ғылыми-теориялық тұрғыдан үлес қосады.









