Қазақстандық аймақтық жоо-лардағы журналистік білім беру динамикасы: 2015-2018 жылдары негізінде
DOI:
10.26577/HJ.2020.v56.i2.03Кілт сөздер:
журналистика, журналистік білім беру, аймақтық журналистика, журналис тиканы оқытудағы мәселелер.Аңдатпа
Жаңа мыңжылдық журналистика мен журналистік білім беру саласына едәуір өзгерістер алып келді. Әрине, бұл тек журналистика емес, сонымен қатар қоғамдық ғылымдар саласының барлығына дерлік әсер етті. Мұның ең бірінші себебі – соңғы 20 жылда болып жатқан технологиялық дүмпулер. Ақпарат тарату аналогтық жүйеден цифрлы жүйеге ауысқалы практикалық журналистикадағы байырғы қалыптар бұзылып, жаңаша бағыт алды. Адамдар яки ақпарат тұтынушылары цифрлы әлеммен біте қайнасып өмір сүріп жатқанда, журналистік білім беру заманға қарай бой түзеп, кей жағдайда мамандарды болашақ үшін дайындауы керек. Ол тек оқытушылар, студенттер мен журналистердің бірлескен ыждағаттылығы нәтижесінде дүниеге келеді. Ал бұл нәтиже оқу орындарының оқыту бағдарламаларына тікелей қатысты. Сондықтан оқу бағдарламаларындағы пәндерді, олардың оқыту мақсаттары (learning objectives) мен оқыту нәтижелерін (learning outcomes) зерттеу өзекті болып табылады. Көптеген шетелдік және отандық ғалымдар осы салаға біраз еңбектенген. Бұған дейінгі зерттеулер студенттер мен оқытушылар, практикалық журналистерден сауалнама алынып немесе басқа елдің журналистік білім беру бағдарламаларымен салыстыру жасау арқылы жүзеге асырылатын. Кейбір зерттеулер журналистика мен журналистік білім беруді саясаттану тұрғысынан да қолға алды.
Зерттеудің мақсаты: 1) зерттеу нысаны ретінде ЖОО-лардың Модульдік оқу жоспары, яғни 4 жылдық оқу бағдарламаларының даму динамикасын салыстырмалы түрде анықтау; 2) аймақтағы журналистика мектептерінің ашылуы мен оның қалыптасуына ықпал еткен 4 оқытушы-профессормен және зерттеу нысаны етіп алынған 4 ЖОО-ның журналистка мектебі түлектерімен тереңдетілген сұхбат жасау; 3) алынған бағдарлама мен диплом қосымшаларындағы пәндердің кодтау әдісі арқылы зерттеу.
Нәтиже ретінде мына көрсеткіштерді айтуға болады: аймақтық ЖОО-дағы журналистік білім беру бағдарламаларының даму динамикасы мен өзгерістері байқалады; олар заман талабына, еңбек нарығының сұраныстарына және мемлекеттің ішкі саясатына сәйкес дамып жатыр деуге негіз бар; орталық қалалардан ұзақ орналасқан аймақтық ЖОО-ларда мамандық пәндерін оқытуда маман тапшылығын сезуге, соған сәйкес түрлі пәндер контентінің біркелкі болуын аңғаруға болады.
Зерттеуді журналистика мамандығын оқытып отырған факультеттер, кафедралар өз бағдарламасын жасауда, практикалық журналистика мен теориялық журналистика арасындағы қашықтықты анықтауда, сонымен қатар журналистік білім беруге арналған іргелі зерттеулерге көмекші құрал ретінде қолдануға болады.

