ГУЛАГ баспасөзі: «Путевка» газеті мысалында
##doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.26577/HJ.2022.v66.i4.02Аңдатпа
Көптеген зерттеушілердің пікірінше, Кеңес Одағының насихаты бүкіл Кеңес үкіметі халқына ғана емес, ГУЛАГ лагерлерінің тұтқындары мен еңбекпен түзету орындарына да жүргізілді. Еңбекпен түзету лагерлерінде шыққан газеттер кеңестік саясаттың негізгі үгіт-насихат құралы болды. Соңғы кездері «ГУЛАГ баспасөзін» зерттеу жаңадан қолға алына бастады және ГУЛАГ газеттері туралы деректер пайда болған сайын оларды зерттеу қажеттілігі де туындауда.
Зерттеудің негізгі мақсаты – Қарағанды еңбекпен-түзету лагерінде (ары қарай мәтінде - Карлаг) шыққан «Путевка» газетінің материалдарына талдау жасау арқылы газеттің негізгі қызметі мен рөлін және баспасөз арқылы түрмеде жүргізілген кеңестік үгіт-насихаттың ықпалын анықтау.
Жұмыстың ғылыми ерекшелігі – авторлар алғаш рет Карлагта шыққан «Путевка» газетінің мазмұнына жан-жақты талдау жасау арқылы ГУЛАГ лагерлері мен Орталық Қазақстандағы түзету орындарының тарихынан сыр шертеді.
Зерттеу әдістері құжаттардың мазмұнына сапалық және сандық талдау жасауға негізделді, «Путевка» газетінің материалдарына мазмұндық талдау қолданылды. Материалдардың жанрлары мен тақырыптары қарастырылып, тұтқындардың газет жұмысына араласуы және олар жазған материалдардың мазмұны зерттелді. Сондай-ақ Карлаг тұтқындары арасында кеңестік насихаттың ықпалын анықтау мақсатында ГУЛАГ баспасөзінің пайда болуы мен дамуына тарихи талдау жасалды.
Зерттеу нәтижелері газеттің Карлагтағы кеңестік насихаттың құрамдас бір бөлігі екенін көрсетті. Карлагта газеттердің шығарылуының басты мақсаттарының бірі - ГУЛАГ лагерлерінде жұмысшылардың жоғары еңбек өнімділігіне деген қажеттілікті ынталандыруға әсер ету болғаны анықталды.
Түйін сөздер: Қазақстан, ГУЛАГ, Карлаг, Путевка, Кеңес Одағы, газет, насихат, баспасөз.
