Қытай мерзімді басылымдарындағы Қазақстан имиджі (2018-2022 ж. «Жэньминь Жибао» газеті)
##doi.readerDisplayName##:
10.26577/HJ.2023.v68.i2.10Аңдатпа
Ғылым мен техниканың дамуына байланысты БАҚ-тың мемлекет имиджін қалыптастыруға әсері артып келеді. Мемлекет имиджі белгілі бір дәрежеде халықаралық БАҚ-тың жаңалықтарындағы елдің бейнесі болып табылады. Қазақстанның жан-жақты мемлекеттік күштерінің нығаюымен оның халықаралық деңгейдегі мәртебесі мен беделі арта түсуде. Сәйкесінше, бұқаралық ақпарат құралдары да Қазақстанға көбірек қызығушылық танытуда.
Зерттеу жұмысының мақсаты – Қазақстанның халықаралық имиджін Қытай басылымы негізінде талдай отырып, анықтау. Зерттеу жұмысында «Жэньминь жибао» газетінде соңғы бес жылда жарық көрген Қазақстан туралы жаңалықтардың газеттерде орналасқан секциясы, дереккөздері, көлемі жүйелі жинақталып, талданды. Газетте көрсетілген Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынастарға анализ жасала отырып, мемлекет имиджі саясат, экономика, мәдениет және әлеуметтік аспект бойынша төртке бөліп талданды.
Зерттеу жұмысының әдістемесі – «Жэньминь жибао» газетіндегі мақалалар, деректер мен ақпараттарды жинақтап, жүйелі талдау жасау, синтездеу.
Зерттеу жұмысының нәтижесінде «Жэньминь жибао» газетінің Қазақстанға қатысты репортаждары халықаралық жаңалықтар жүйесіне сәйкес келетіні анықталды. Газеттегі жаңалықтар мен қолжазбалардың көздері беделді болып табылады. Қытай БАҚ-ындағы Қазақстанның имиджі «тез өсіп келе жатқан бейбіт держава» ретінде көрінеді. Мемлекетіміздің сыртқы саяси имиджі позитивті, бұл саяси қарым-қатынастарға қолдау білдіруші және жан-жақты стратегиялық әріптес имиджі болып көрінеді. Экономика саласында оң көзқарас білдіріп, мәдениетте алмасуларға үлкен мән беретін оң имиджді көрсетеді.
Зерттеу жұмысының ғылыми-практикалық маңыздылығы – Қазақстан имиджін зерделеу болашақта басқа елдердің Қазақстанды тануда немемсе еліміз жайлы ақпараттар алуда дереккөз бола алады. Қазақстан мен Қытайдың бір-бірін түсіну, саясат, экономика және мәдениет сияқты басқа салалардағы ынтымақтастықты нығайтуға көмектеседі, сондай-ақ екі елдің достығын тереңдетуге және мәдениетаралық алмасуларды ілгерілетуде үлкен практикалық маңызға ие.
Зерттеу жұмысының құндылығы – қытайлық аудиторияның Қазақстан туралы көзқарасын білуге, Қазақстанның мемлекет имиджін нығайтуға және «Бір белдеу - бір жолды» одан әрі ілгерілетуге көмектесу. Осы зерттеу жұмысы еліміздегі мәдениетаралық коммуникацияның дамуына өз септігін тигізеді деп есептейміз.
Кілт сөздер: мерзімді басылымдар, «Жэньминь жибао», Қазақстан, мемлекет имиджі.

