Қазақстандық онлайн БАҚ-тағы жаңалық материалдарында әйелдердің тақырыптық ұсынылуы
DOI:
https://doi.org/10.26577/pavwrx13Кілт сөздер:
әйелдердің медиадағы көрінісі, онлайн БАҚ, контент-талдау, гендер, Қазақстан.Аңдатпа
Әйелдердің бұқаралық ақпарат құралдарындағы көрінісі медиа, журналистика және гендерлік зерттеулер салаларындағы маңызды тақырыптардың бірі. Бұқаралық ақпарат құралдары әйелдердің қоғамдағы рөлдері, кәсіби қызметі мен әлеуметтік мәртебесі туралы көзқарастың қалыптасуына елеулі ықпал етеді. Бұл зерттеудің мақсаты Қазақстанның жетекші онлайн бұқаралық ақпарат құралдарының жаңалық контентінде әйелдердің тақырыптық тұрғыдан қалай ұсынылатынын анықтау. Зерттеудің эмпирикалық негізін 2026 жылғы 29 маусым мен 5 шілде аралығында «Kazinform», «Zakon.kz» және «Tengrinews» жаңалық порталдарында жарияланған мақалалар құрады. Іріктеуге жаңалықтарда әйелдердің басты кейіпкер болған 63 жаңалық материалы енгізілді. Зерттеудің әдіснамалық негізі сандық және сапалық контент-талдау әдістеріне сүйенеді. Зерттеу барысында материалдарға тақырыптық кодтау жүргізіліп, тақырыптық санаттардың жиілігі сандық тұрғыдан есептеліп, кейін алынған нәтижелерге талдау жасалды. Зерттеу нәтижелері бойынша басым тақырып спорт екені анықталды: талданған жаңалықтардың 45%-дан астамы спортқа қатысты болды. Екінші орында саясат пен мемлекеттік басқару тақырыбындағы материалдар тұрды. Ал білім беру, денсаулық сақтау, экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелер, жазатайым оқиғалар мен іздестіру-құтқару операциялары туралы жаңалықтар айтарлықтай сирек жарияланған. Зерттеу барысында әйелдердің көбіне кәсіби спортшы, мемлекеттік қызметкер, сарапшы, менеджер және түрлі сала маманы ретінде ұсынылатыны анықталды. Тіпті төтенше жағдайларға қатысты репортаждардың өзінде дәстүрлі гендерлік стереотиптерді көрсетуге емес, нақты оқиғаның өзіне басымдық берілген. Алынған нәтижелер зерттелген онлайн БАҚ-та әйелдерді кәсіби қызметі арқылы танытатын медиялық ұсыну үлгісі басым екенін көрсетеді. Бұл қазіргі Қазақстандағы әйелдердің қоғамдық, саяси, спорттық және кәсіби өмірге белсенді қатысуын айқын бейнелейді.









