Журналистикаға жасанды интеллект ықпалы: SWOT-анализ арқылы талдау
DOI:
https://doi.org/10.26577/1n5f2r18Кілт сөздер:
жасанды интеллект, журналистика, автоматтандырылған журналистика, медиа технологиялар, этика, цифрлы трансформация.Аңдатпа
Зерттеу жұмысы жасанды интеллекттің журналистика саласына ықпалын кешенді түрде талдауға бағытталған. Қазіргі уақытта жасанды интеллект технологиялары қоғамдық өмірдің әртүрлі салаларына кеңінен еніп, журналистиканың кәсіби тәжірибесіне де елеулі өзгерістер енгізуде. Оларды медиа өндірісінде қолдану ақпаратты жинау, өңдеу және тарату үдерістерін жеделдетіп, бірқатар операцияларды автоматтандыруға және журналистік қызметтің жаңа формаларының қалыптасуына мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, зерттеуде жасанды интеллекттің журналистикадағы трансформациялық рөлі, оның медиа индустриясының дамуына ықпалы және оны қолдану барысында туындайтын ықтимал тәуекелдер қарастырылады.
Зерттеудің мақсаты – жасанды интеллект технологияларының журналистика саласының дамуына әсерін, кәсіби журналистік тәжірибелердің өзгеруін және олардың медиа өндірісінде қолданылу ерекшеліктерін анықтау. Осы мақсатқа сәйкес конвергентті журналистиканың эволюциясы, жасанды интеллектті қолданудың халықаралық тәжірибесі және оның редакциялық үдерістерге ықпалы талданады. Сонымен қатар автоматтандырылған журналистика, деректерге негізделген жаңалық өндіру және медиаконтентті тарату үдерістері SWOT-талдау әдісі арқылы бағаланады. Зерттеу барысында аталған технологияларды қолданудың журналистік этика қағидаттары мен кәсіби стандарттарға сәйкестігі де сараланады.
Зерттеу нәтижелері жасанды интеллекттің журналистерді толық алмастыратын технологиядан гөрі олардың кәсіби қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін құрал ретінде қарастырылатынын көрсетті. Жасанды интеллект ақпаратты жинау, өңдеу және тарату үдерістерін оңтайландыруға жағдай жасағанымен, шығармашылық ойлау, сыни талдау және этикалық шешім қабылдау сияқты журналистік қызметтің маңызды құрамдас бөліктері адам факторымен тығыз байланысты болып қала береді. Сонымен қатар медиа ұйымдардағы еңбек нарығының трансформациясы, журналист маманының кәсіби функцияларының өзгеруі және аудиториямен өзара іс-қимыл жасау тәсілдерінің жаңаруы айқындалды. Зерттеу қорытындысында адам мен жасанды интеллекттің контенттік өзгеруіндегі рөлдерінің ерекшеліктері анықталып, жасанды интеллектінің журналистикадағы даму перспективалары ғылыми тұрғыдан негізделді.









