Қазақ мерзімді басылымдарындағы жер мәселесі және Ресей империясының статистикалық экспедицияларының деректері (ХХ ғасырдың басы)
DOI:
https://doi.org/10.26577/8sgd4t29Кілт сөздер:
қазақ баспасөзі, журналистика, жер мәселесі, идеология, экспедициялар, отарлау, жерді пайдалану.Аңдатпа
Мақалада ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамындағы жер мәселесінің мерзімді баспасөз беттерінде көтерілу ерекшеліктері Ресей империясының Далалық облыстарда жүргізген статистикалық экспедицияларының материалдарымен өзара сабақтастықта қарастырылады. Зерттеудің мақсаты – империялық статистикалық зерттеулер барысында жинақталған мәліметтердің ғылыми-танымдық мазмұны мен отарлық басқару жүйесіндегі қолданбалы қызметін айқындау, сондай-ақ қазақ ұлттық баспасөзінің аталған деректерді жер тұтастығы мен халықтың тарихи мүддесін қорғауға бағытталған дәлелдер жүйесіне айналдыру тәжірибесін талдау.
Мақалада статистикалық экспедициялардың қазақтардың дәстүрлі жер пайдалану жүйесін, шаруашылық құрылымын, жайылымдық кеңістігін, қыстау мен жайлаудың орналасуын және маусымдық көші-қон бағыттарын зерттеу ерекшеліктеріне назар аударылады. Экспедициялар жинақтаған этнографиялық, шаруашылық және статистикалық мәліметтер, бір жағынан, қазақ даласының әлеуметтік-экономикалық тарихын зерделеуге мүмкіндік беретін құнды деректік кешен қалыптастырса, екінші жағынан, жер қорын қайта межелеу, «артық жер» көлемін анықтау және қоныс аударушыларға арналған аумақтарды белгілеу барысында империялық биліктің әкімшілік-отарлық мүдделеріне пайдаланылғаны көрсетіледі. Осыған байланысты империялық статистика ғылыми білім өндіру құралы ғана емес, отарлық кеңістікті тану, жіктеу және басқару тетігі ретінде бағаланады.









