Қазақ дастандарындағы мифологиялық ұғым-түсініктерден туған бейнелер
Аңдатпа
Мақалада автор қазақ қисса-дастандарының сюжеттік желісіндегі ертегілік сарындардың
қызметіне тоқтала отырып, мифологиялық ұғымдар негізінде туған бейнелер болмысына назар
аударады. Шығыстық қисса-дастандарда қиял-ғажайып мотивтердің мол кездесетінін зерттеуші
жіті байқаған. Дастан қаһарманының жат күштермен: айдаһар, дию, мыстан, жезтырнақ сияқты
жаналғыштармен күресіп, үнемі жеңіске жетіп отыратыны мәлім. Сонымен бірге басты кейіпкердің
ұзаққа созылған қиын да ауыр сапарында самұрық, қызыр, пері сияқты мықты серіктері болатыны,
олардың сөйлей алатындығы, қиын кезде батырға нағыз жанашыр, жәрдемші сипатында
жүретіндігі оқырман қауымға жақсы таныс. Автор осындай мифологиялық кейіпкерлердің
шығарма желісіндегі орны мен қызметіне, шығу тегіне, портреті мен амал-әрекеттеріне, олардың
ежелгі халықтардың таным-түсінігімен байланысына ерекше көңіл бөлген. Мұның өзі зерттеушінің
шығыстық қисса-дастандардың құрамын жеткілікті түрде танығанын байқатса керек. Ізденуші
кейіпкерлер әлемі туралы баяндағанда парсы-түркі сюжеттерімен ұқсастықтарын да ескертіп
өткен. Сонымен қатар дастанардың құрылысы жөнінде де нақты байқаулар білдірген. Мәселен,
ол дастандарда қайталанатын ортақ жайлардың кездесетініне зер салған. Мақалада халықаралық
ықпалдастықтың жемісі саналатын сюжеттердің дәстүрлі ұлттық сарындармен байланысы туралы
да пікірлер кездеседі.
