Қазақстанның өңірлік медиасында жасанды интеллект құралдарын қолдану: тәжірибе және этика нормалары (Оңтүстік өңірінің медиасы негізінде)
DOI:
https://doi.org/10.26577/jycr1f68Кілт сөздер:
журналистикадағы жасанды интеллект; өңірлік медиа; медиаэтика; редакция саясаты; инновацияларды тарату.Аңдатпа
Мақалада Қазақстанның өңірлік медиасында жасанды интеллект (ЖИ) құралдарын қолдану тәжірибесі мен этикалық нормалар қарастырылады. Қазақтілді өңірлік редакциялардың күнделікті ЖИ тәжірибесі, тілдік қиындықтары және этикалық шешімдері қолда бар еңбектерде салыстырмалы түрде аз қамтылған, бұл зерттеудің өзектілігін айқындайды. Зерттеудің мақсаты – Қазақстанның оңтүстік өңірі медиасында ЖИ құралдарын қолдану тәжірибесін және осы практикада басшылыққа алынатын кәсіби, редакциялық және этикалық нормаларды анықтау. Сапалық зерттеу дизайны аясында оңтүстік өңірдегі тоғыз медиа ұйымның он өкілімен тереңдетілген сұхбат жүргізілді; қатысушылар қолайлы және мақсатты іріктеу әдістерімен таңдалып, деректер сапалық контент-талдау арқылы өңделді. Нәтижелерге сәйкес, он респонденттің тоғызы, яғни сегіз медиа ұйымның өкілдері, редакция жұмысына ЖИ құралдарын қолданады. Басым бағыттар — аударма, мәтін өңдеу, визуал мен бейне жасау, дауыс синтезі және ақпарат іздеу; құралдар уақыт пен ресурсты үнемдеуге мүмкіндік береді. ЖИ-ді игеру деңгейі ұйымдар арасында әркелкі, ал енгізу көбіне жеке бастамаға, оқытуға және басшы шешіміне тәуелді. Респонденттер фактіні тексеру, адам жауапкершілігі, контентті таңбалау, мәтіннің түпнұсқалығы және қазақ тілі мен ұлттық-мәдени сәйкестікті сақтау сияқты ортақ этикалық ұстанымдарды бөліседі; алайда зерттелген ұйымдардың ешқайсысында жазбаша ішкі ЖИ саясаты жоқ. Нәтижелер Инновацияларды тарату теориясы мен Баспасөздің әлеуметтік жауапкершілік теориясы негізінде түсіндіріліп, өңірлік редакцияларға жазбаша ЖИ саясатын, таңбалау тәртібін, адам бақылауын және қолжетімді оқытуды дамыту қажеттігі көрсетіледі. ЖИ-дің өңірлік медиадағы әсері технологияның өзінен ғана емес, редакцияның ресурсына, дайындығына және кәсіби жауапкершілік ұстанымына тәуелді.









