Қазақстандағы жергілікті радиолардың әлеуметтік желілерді қолдануы
Аңдатпа
Цифрлық хабар таратудың форматы қазақстандық медианың, соның ішінде электронды ақпарат құралдарының дамуына ерекше әсер етуде. Медиа-нарық онлайн жүйеге біртіндеп көшуде. Соңғы онжылдықта отандық радио хабар тарату қызметі өзгеріп, жаңа деңгейге шықты. Ел тәуелсіздігін алғаннан кейінгі жылдары Қазақстандағы радио хабарларын тарату екі бағытта: коммерциялық және Ақпарат және коммуникация министрлігімен бақыланатын мемлекеттік хабар тарату ретінде қалыптасты.
Мақаланың мақсаты – отандық радио хабарларын тарату формаларын, соның ішінде радиостанциялардың классикалық хабар таратудан цифрлық форматқа көшуін зерттеу. Мақала авторы онлайн-радиолардың қағидалары мен формаларын және Twitter, Facebook, Instagram секілді әлеуметтік желілерді пайдалануын қарастырады. Зерттеудің нәтижесінде ақпараттық радиолар өздерінің аудиторияларын жаңалықтармен кеңінен қамтамасыз ету арқылы танымалдыққа ие болса, музыкалық радиостанциялар әлеуметтік желілерде көбірек жарнама жасайды. Яғни музыкалық хабарлар таратуға маманданған коммерциялық радиолар әлеуметтік желілерді мемлекеттік арналарға қарағанда жүйелі түрде пайдаланады. Ал, мемлекеттік радиоларда көбінесе жаңалықтарға және ақпараттық мазмұн басым болатыны және әлеуметтік желілерде белсенділігі төмен екендігі айқындалды.
Түйін сөздер: Қазақстан, жергілікті радиостанция, сандық формат, әлеуметтік медиа, аудитория.
