Цифрлық дəуірде дәстүрлі медианың трансформациялануында медиаконвергенцияның əсері мен рөлі: "Азаттық" радиосы мысалында
DOI:
https://doi.org/10.26577/HJ202576203Кілттік сөздер:
медиа конвергенция, жаңа технология, Азаттық радиосы, әлеуметтік желілер, диджитал журнализм.Аннотация
Бұл зерттеу жұмысы медиа конвергенция үдерісінің бұқаралық ақпарат құралдарының ақпарат беру форматын қалай өзгертетініне бағытталған. Қазақстандағы БАҚ ұйымдарының осы өзгерістерге қандай жағдайда, қаншалықты уақыт ішінде бейімделгені жəне бұл өзгерістердің нəтижелері туралы нақты мəліметтер аз зерттелген.
Ғылыми мақаланың негізгі мақсаты – "Азаттық" радиосының мысалында медиа конвергенцияның ақпарат тарату көздерін, мазмұнын жəне экономикалық модельдерін қалыптастыруға қалай əсер еткенін талдау.
Мақаланың ғылыми-практикалық маңыздылығы – дәстүрлі медианың жаңа медиаға өту барысындағы медиа конвергенцияның рөлін бағамдай отырып, осы тұрғыдан әлі де болса жаңа медианы игере алмай отырған, медиа конвергенция технологияларынан қалыс қалып келе жатқан басқа медиа құралдарына бағыт көрсету, бағдар беру. Әсіресе, аудандық, облыстық басылымдардың заманауи құралдарды меңгеруі және технологиялық челленджілерге дайын болуы секілді күн тәртібінде тұрған толғақты проблемаларды қалай еңсергенін түсіндіру де зерттеудің ғылыми-практикалық маңызын айқындай түседі.
Зерттеуде қолданылған ғылыми әдіс – әлеуметтік ғылымдар саласында кеңінен қолданылатын сапалық зерттеу әдісінің тереңдетілген сұхбат әдісі. Белгілі бір технологиялық революцияның журналистиканың түрі мен пішініне, даму бағытына әсерін өлшеудің жалғыз жолы, ол сол экспериментті басынан өткізген адамдардың тәжірибесіне сүйену және алған нәтижесін бағамдау. Осы ретте тереңдетілген сұхбат әдісі біздің діттеген мақсатымызға, көздеген нәтижемізге жол сілтеген бағыт болды. Тереңдетілген сұхбат əдісі арқылы радио жəне сайт кезеңдерінде қызмет атқарған бес редактордың тəжірибесі мен көзқарастары талданды. Сұхбаттар онлайн жəне офлайн форматтарда ұйымдастырылып, сапалық талдау əдістері арқылы алынған мəліметтер өңделді.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы – қазақ дәстүрлі медиасының конвергенцияның кезеңдерін сатылай еңсеруіне қатысты эмпирикалық зерттеуді ұсына отырып, біз осы саладағы олқылықтың орнын толтыруды көздеп отырмыз. Өйткені, қазақ тілінде қазақ медиасының заманауи технологияны игере отырып, оқырмандарды тарту әдістері туралы арнайы зерттеулер аз, керісінше, бұл тақырыпты зерттеген жалпылама, теориялық еңбектерді кездестіруге болады. Бұл зерттеу медиа конвергенция тақырыбына қосылған үлес деп айтуға негіз бар.
