Жоғары білімдегі академиялық ортаның мысалында фейк жаңалықтарды анықтау және deepfake технологиялары
DOI:
https://doi.org/10.26577/HJ79120268Кілттік сөздер:
академиялық орта, фейк жаңалықтар, deepfake технологиясы, фактчекинг, медиаэкология, манипуляция.Аннотация
Бүгінде ғылымдағы ақпарат көлемі орасан зор, сондықтан ғалымдар үшін ақпараттық сауаттылық қосымша қабілет емес, кәсіби қажеттілікке айналуда. Ақпараттық сауаттылық – ақпаратты іздеу, табу, бағалау және тиімді пайдалану қабілеті. Ғылыми ортада бұл қабілет ерекше маңызды, өйткені зерттеушілер сенімді дереккөздермен жұмыс істеп, тек тексерілген ақпаратқа сүйенуі тиіс. Ақпараттық сауаттылық жалған ақпарат пен ғылыми бұрмалаушылықтың алдын алады, зерттеу нәтижелерінің сапасын жақсартады, ашық ғылым қағидаттарын сақтауға көмектеседі, заманауи цифрлық ресурстарды дұрыс пайдалануды үйретеді, сондай-ақ зерттеу этикасын сақтауға елеулі үлес қосады.
Бұл мақалада қазақстандық ғылыми ортадағы ақпараттық сауаттылық деңгейі қарастырылады. Қазақстандық жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы, мұғалімдер және ізденушілер арасындағы ақпараттық иммунитетті зерттеу мақсатында Telegram арнасында («Ғылым-білім бар жұрттар») сауалнама жүргізілді. Сауалнамаға жоғарыда аталған санаттағы 411 респондент қатысты. Күткендей-ақ, сауалнама олардың ақпаратты тексеру дағдыларын және жалған ақпаратқа реакциясын айқындап берді. Сауалнамада ақпаратты верификациялау дағдыларына, жалған ақпаратпен кездесу жиілігіне және deepfake технологиясына қатысты 5 негізгі сұрақ қамтылды. Зерттеу нәтижелері қоғамдағы медиасауаттылықты зерттейтін ғалымдар үшін қызықты болуы мүмкін.
Зерттеудің негізгі мақсаты – академиялық ортада жалған ақпаратты тану қабілеті мен deepfake технологияларын түсіну деңгейін жүйелі түрде бағалау арқылы қазақстандық жоғары білім беру жүйесіндегі ақпараттық иммунитеттің қалыптасу ерекшеліктерін айқындау. Методологиялық тұрғыда зерттеу сандық талдауға негізделген онлайн-сауалнама әдісімен жүргізіліп, алынған деректер респонденттердің верификация дағдыларын салыстырмалы талдау арқылы интерпретацияланды. Зерттеу нәтижелері ақпараттық мінез-құлық үлгілеріндегі әлсіз тұстарды анықтап, академиялық ортада медиасауаттылықты арттырудың қажеттілігін көрсетті. Бұл жұмыс жоғары оқу орындарындағы ақпараттық қауіпсіздік мәдениетін дамытуға үлес қосып, білім беру ұйымдарына фактчекинг бойынша тренингтер мен оқу бағдарламаларын жетілдіруге практикалық негіз ұсынады.

