Жариялау этикасы

«Журналистика хабаршысы (Herald of Journalism, Bulletin of KazNU)» ғылыми журналының редакциялық алқа мүшелері өз кәсіби қызметінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми журналдарына арналған Ғылыми жарияланым этикасы қағидаттары мен нормаларын (бұдан әрі –  Ғылыми жарияланым этикасы) басшылыққа алады.

Аталған Ғылыми жарияланым этикасы Committee on Publication Ethics (COPE) халықаралық ұйымының ұсынымдары мен стандарттарына сәйкес әзірленген.

Ғылыми жарияланым этикасы редакторлардың, рецензенттердің және авторлардың этикалық мінез-құлқының қағидаттары мен нормаларын, мүдделер қақтығысын анықтау тетіктерін, жарияланымдық және ғылыми адалдықты бұзу жағдайын, сондай-ақ ғылыми мақалаларды түзету, кері қайтарып алу (ретракция) және жарияланым күшін жою тәртібін айқындайды.

Жарияланым үдерісіне қатысатын барлық тараптар – авторлар, ғылыми редакторлар, жауапты редакторлар, сарапшылар және редакция алқасының мүшелері – Ғылыми жарияланым этикасының қағидаттары мен талаптарын қатаң сақтауға міндетті. Этикалық нормаларды сақтау ғылыми журналдың сапасын қамтамасыз етудің, академиялық адалдықты сақтаудың және жарияланым үдерісіне қатысушылар арасындағы өзара сенім мен құрметті нығайтудың негізгі шарты болып есептеледі.

Этикалық талапқа сай келмейтін мінез-құлыққа авторлардың, редакторлардың немесе баспагерлердің келесі әрекеттері жатады: өзін-өзі рецензиялау, жалған немесе шартты рецензия ұйымдастыру, делдалдық қызметтерді пайдалану арқылы жариялануға ұмтылу, жалған авторлық, ғылыми деректерді қолдан жасау немесе бұрмалау, жалған ғылыми мәтіндерді жариялау, авторлардың келісімінсіз қолжазбаларды немесе материалдарды үшінші тұлғаларға беру, авторлық құқықты және редакциялық үдерістің құпиялылық қағидаттарын бұзу, дәйексөздермен манипуляция жасау, плагиат және өзге де жарияланымдық әрі ғылыми этика талаптарының бұзылуы.

Редакция алқасы мүшелеріне арналған Ғылыми жарияланым этикасының қағидаттары

Редакциялық алқа мүшелері журналдың ғылыми деңгейін арттыруға, сапасын жетілдіруге және оның халықаралық ғылыми дерекқорлардағы беделін нығайтуға жауапты. Өз қызметінде олар академиялық еркіндік қағидатын сақтауға, авторлар мен оқырмандардың ғылыми және кәсіби қажеттілігін қанағаттандыруға, сондай-ақ авторлардың, сарапшылардың немесе баспагердің коммерциялық мүдделерінің редакциялық шешіміне ықпал етуіне жол бермеуі тиіс.

Редакция алқасының мүшелері жарияланым үдерісінің барлық кезеңінде ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етуге және ғылыми жарияланымдардың сапасын арттыру үшін барлық қажетті шараны қабылдауға тиіс.

 Авторлар теңдігі қағидаты

Редакциялық алқа қолжазбаларды авторлардың нәсіліне, жынысына, жыныстық бағдарлануына, діни сеніміне, этникалық тегіне, азаматтығына, саяси көзқарасына немесе коммерциялық мүдделеріне қарамастан, тек ғылыми мазмұны мен академиялық құндылығы негізінде бағалайды.

 Жариялау туралы шешім қабылдау

Қолжазбаларды жариялау немесе жариялаудан бас тарту туралы шешім журнал талаптарына сәйкестік, плагиатқа тексеру және тәуелсіз ғылыми рецензиялау нәтижелері негізінде редакциялық алқа тарапынан қабылданады.

Плагиат, авторлық құқықты бұзу, ғылыми жарияланым этикасы қағидаттарына қайшы келетін белгілері бар мақалалар жарияланымға қабылданбайды.

Редакциялық алқа плагиат, өзін-өзі плагиаттау, авторлардың шамадан тыс өзіндік дәйексөз келтіруі, мүдделер қақтығысы және өзге де этикалық бұзушылықтар анықталған жағдайда COPE ұсынымдарына сәйкес жарияланымды кері қайтарып алу (ретракция) рәсімін жүзеге асырады.

Жарияланым келесі жағдайларда кері қайтарып алынады:

  • алынған деректердің сенімсіздігі немесе заңсыз жолмен алынғаны дәлелденген жағдайда (соның ішінде деректерді қолдан жасау);
  • қолжазбаның журналға ұсынылғанға дейін басқа басылымда жарияланғаны анықталса;
  • плагиат фактілері, соның ішінде суреттерді, кестелерді, диаграммаларды заңсыз пайдалану анықталған жағдайда;
  • зерттеу нәтижелеріне елеулі әсер ететін өрескел қателер анықталса;
  • үшінші тұлғалардың авторлық құқыққа қатысты негізделген шағымдары түскен жағдайда;
  • мақала мазмұны жарияланымдық және (немесе) ғылыми этика қағидаттарына қайшы келген жағдайда.

Ретракциялау туралы шешім ғылыми редактор қол қоятын ресми актімен рәсімделеді. Аталған актінің көшірмесі жауапты авторға жіберіледі. Жарияланымды кері қайтарып алу туралы ақпарат журналдың ресми сайтында себептері көрсетіле отырып жарияланады және журналдың келесі санында хабарланады.

Құпиялылық қағидаты

Редакторлар мен редакциялық алқа мүшелері рецензиялау кезеңінде қолжазбаға қатысты ақпаратты авторлардан, тағайындалған рецензенттерден және баспагерден басқа тұлғаларға жария етпеуге міндетті. Барлық қолжазба құпия материал ретінде қарастырылады және авторлардың жазбаша келісімінсіз үшінші тұлғаға берілмейді.

Қабылданбаған қолжазбалар редакциялық алқа мүшелері тарапынан авторлардың жазбаша рұқсатынсыз жеке ғылыми зерттеулерде пайдаланылмайды.

Авторларға арналған Ғылыми жарияланым этикасы қағидаттары

 Эксклюзивтілік қағидаты

Авторлар ұсынылған қолжазбаның бұрын басқа журналдарда қарастырылмағанын және бір мезгілде бірнеше басылымға ұсынылмағанын растайды.

Авторлық қағидаты

Жарияланымға елеулі ғылыми үлес қосқан барлық тұлғалар авторлар тізімінде көрсетілуі тиіс. Жауапты автор қолжазбаның соңғы нұсқасын дайындауға, редакциямен байланыс орнатуға және барлық авторлардың мақұлдауын алуға жауапты.

Түпнұсқалық және ғылыми адалдық

Авторлар ұсынылған зерттеу нәтижелерінің түпнұсқалығына, деректердің дұрыстығына және плагиаттың, өзін-өзі плагиаттаудың, деректерді бұрмалаудың, қолдан жасаудың, жалған авторлықтың болмауына толық жауапты.

Қателерді түзету

Жарияланымнан кейін қателер анықталған жағдайда авторлар редакцияны дереу хабардар етіп, түзетулерді (Erratum немесе Corrigendum) жариялауға немесе мақаланы кері қайтарып алуға жәрдемдесуге міндетті.

Рецензенттерге арналған Ғылыми жарияланым этикасы қағидаттары

Рецензенттер қолжазбаларды объективті, дәлелді және белгіленген мерзімде бағалауға міндетті. Авторларға қатысты жеке сипаттағы сынға жол берілмейді.
Рецензиялау барысында алынған барлық материалдар құпия болып табылады және жеке мақсатта пайдаланылмайды.

Мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда рецензент ғылыми редакторды хабардар етіп, рецензиялаудан бас тартуға міндетті. Плагиат немесе өзге де этикалық бұзушылық анықталған жағдайда бұл туралы редакцияға дереу хабарланады.

Мүдделер қақтығысы

Мүдделер қақтығысы жарияланымға қатысты шешімдердің объективтілігіне әсер етуі мүмкін қаржылық, жеке немесе кәсіби жағдайлар болған кезде туындайды. Жарияланым үдерісіне қатысушы барлық тараптар ықтимал мүдделер қақтығысын ашық түрде жариялауға міндетті.
            Мүдделер қақтығысының болуы мақаланы жариялаудан жеедел түрде бас тартуға негіз болмайды, алайда редакциялық шешім қабылдау кезінде ескеріледі.