Әлеуметтік желілердегі дереккөздер мен визуалды контентті анықтау мәселелері: Қазақстан тәжірибесі
DOI:
https://doi.org/10.26577/HJ.2024.v71.i1.2Кілттік сөздер:
Әлеуметтік желі, жалған ақпарат, визуалды контент, медиа, фактчекинг.Аннотация
Мақалада жалған ақпаратты анықтау процесінде бастапқы көздердің ошағын табу және әлеуметтік желілердегі визуалды мазмұн мәселесі қарастырылады. Ғылыми жұмыстың мақсаты мен идеясы – жалған ақпараттың таралу проблемаларын анықтау және жалған деректердің көбеюіне жол бермеу жолдарын қалыптастыру. Интернеттегі ақпарат көздері мен визуалды мазмұнның ақпараттық саладағы сапасын және оның дәлдігін нақтылау бүгінде өте маңызды, өйткені әлеуметтік платформаларда жалған ақпаратты тарату оңай болып кетті. Жұмыстың теориялық маңыздылығы – тұжырымдарды болашақта жалған жаңалықтардың нәтижелерін зерттеу мен анықтауда нұсқаулық ретінде қолдануға болатындығында. Практикалық маңыздылығы – жүргізілген зерттеу қорытындыларын журналистік және құқықтық тәжірибеде мамандардың кәсіби шеберлігін арттырудағы мүмкіндік. Сонымен қатар, нәтижелерді жоғары оқу орындарында журналистерді даярлауда қолдануға болады. Зерттеу әдіснамасы – ғылыми жұмыстың мақсатына жету үшін Facebook әлеуметтік желісінен жалған ақпараты бар 40 қазақстандық жарияланым таңдалды. Зерттеу барысында фейк ақпараттың таралуын тоқтату үшін ең тиімді құралдарды анықтау бойынша талдау жасалды. Зерттеу нәтижелері бойынша әлеуметтік желіде жарияланған жазбаларға контент-талдауын жасай отырып, біз заңбұзушылыққа көз жеткіземіз. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінде, «Онлайн-платформалар мен интернет-жарнама мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында көзделген мәселелер бүгінде іске асырылуда және заңды бұзғандар тиісті жазаларын алуда. Сондай-ақ, жалған ақпаратпен күресудің екі негізгі құралы анықталды, яғни оларды қолмен және автоматтандырылған тәсілдер ретінде сипаттауға болады. Жалған деректерге ең осал болған ақпарат санаты - «Жаңалықтар» қызметі болып шықты. Ғылыми жұмыстың құндылығы – зерттеу барысында қазақстандық және шетелдік ғалымдардың жұмыстары назарға алынды. Қазақстанның тәжірибесі негізінде жалған ақпарат таратудың себептері мен салдары анықталып, түпкі мақсаты нақтыланды.