Интернет-коммуникация: әлеуметтік желіге тәуелділік
DOI:
https://doi.org/10.26577/HJ.2024.v71.i1.5Кілттік сөздер:
қарым-қатынас, әлеуметтік желі, студент, жастар, интернет, тәуелділік, коммуникация.Аннотация
Заманауи қарым-қатынастың басым бөлігі интернет арқылы ақпарат алмасу негізінде жасалып отырғандығы мәлім. Әлеуметтік желілер, блогтар, чаттар қазіргі кезде жанды қарым-қатынасты алмастыра алады, сонымен қатар интернет бүгінгі заманның адамын өзіне тәуелді етуде. Ұсынылып отырған мақаланың зерттеу тақырыбы да студент жастар өміріндегі әлеуметтік желінің алатын орны мен олардың интернетке деген құмарлығының түпкі себептерін анықтауға арналады. Мәселенің өзектілігі қазіргі жаһандық ІТ интеграцияда адамзат арасындағы қарым-қатынасты интернет-коммуникацияның алмастыру және оның қоғамдағы жастарға әсерін қарастырумен анықталады.
Қазіргі қоғамда әлеуметтік желі қолданушы жастардың саны егде адамдарға қарағанда анағұрлым көп десек артық емес. Бірақ олардың аудиториясы мен қолдану мақсаты түрліше, дегенмен, барлығы ақпарат алаңы болып табылады. Тіптен, ақпарат көзі табыс табу тәсіліне айналып, адамдардың сұранысына қарай қызмет ете бастады.
Зерттеу мақаланың мақсаты – қазіргі қоғамдағы студент-жастар өміріне әлеуметтік желілердің әсері мен оған тәуелділіктің себептерін анықтау. Аталған мақсатқа жету үшін бірнеше міндеттер қойылды, олар: әлеуметтік желінің даму қарқындылығы мен қолданысын қарастыру, қазіргі адамдар үшін маңыздылығын атап көрсету, жастардың әлеуметтік желіге деген тәуелділіктерін анықтау.
Мақаланың әдістемелік негізін әлеуметтік желілердің қалыптасуы мен дамуын бағалауға байланысты отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектерін пайдалану мен ғылыми тұжырымдамалар жасауда қолдану тәсілдері құрайды. Зерттеу барысында жүргізілген әлеуметтік сауалнама әлеуметтік желіні пайдалану мен виртуалды коммуникация мәселелерін анықтауға мүмкіндік береді, сонымен қатар алынған нәтижелер студенттерге, оқытушыларға, қазіргі жастардың қарым-қатынас психологиясы мен әлеуметтану мәселелерімен айналысатын мамандарға септігін тигізері сөзсіз.