Ә. Нұршайықов публицистикасындағы авторлық субъективтілік
DOI:
https://doi.org/10.26577/HJ.2024.v72.i2.1Кілттік сөздер:
публицистика, авторлық субъективтілік, автор концепциясы, интерпретация.Аннотация
Бұл мақалада қазақ журналистикасына көп үлес қосқан журналист-жазушы Әзілхан Нұршайықовтың публицистикасындағы авторлық субъективтілік мәселесі қарастырылады. Публицистикалық мақалаларымен қоғамдық пікірге әсер етіп, гуманистік идеяларды қалыптастыруға зор үлес қосқан қаламгер еңбегіне баға беріледі.
Зерттеуіміздің мақсат-міндеті – журналист-қаламгердің журналистік еңбектеріндегі автордың жеке тәжірибесі, көзқарастары, сезімдері, талдаулары мен бағалаулары арқылы берілетін авторлық концепцияны айқындау. Зерттеудің негізгі объектісі – қаламгердің публицистикалық еңбектері, ондағы авторлық таным мен ұстанымдарын айқындау. Журналист-жазушының қоғамдық сипатта жазылған публицистикаларындағы әлеуметтік, қоғамдық мәселелерге автордың көзқарасы мен пікірін білдіру тәсілдері де қарастырылады. Шығарманың тақырыбы мен жанрына қарай автор ұғымы философиялық, әлеуметтік, мәдени, жеке, т.б. аспектілерде танылуы сараланады. Мақалада қаламгердің шығармашылығының тұтастығы мен бірегейлігін тудырып, дара стилін анықтауға қол жеткізетін авторлықтың маңызды аспектілері теориялық және эмпирикалық әдістермен зерттеліп, контекстік тұрғыда талданады. Бұл қаламгер шығармашылығында авторлық субъективтілік пен концепцияның арқарар маңызы зор екенін түсінуге мүмкіндік береді.
Жиырма жылдай журналист қызметін атқарған жазушының журналистік лабороториясына барлау жасалады, «журналист» ұғымы төңірегіндегі пікірлері сарапталады. Өмірлік тәжірибеден өткен журналист-жазушының түйінді ойлары журналистердің кәсіби шеберлігі мен құзыреттілігін нығайтуда маңызды болып табылады.
Журналистикадағы автор субъективтілігі ұғымын Ә. Нұршайықов публицистикасындағы стильдік-жанрлық, көркем поэтикалық даралықпен байланыста алып, контекстік талдаулармен айқындалуы зерттеудің өзектілігі мен жаңашылдығын көрсетеді. Зерттеу барысында, әлемдік және отандық журналистердің публицистикадағы авторлық субъективтілік аспектілері, атап айтқанда, журналистік мәтіндердің мазмұнын қалыптастырудағы рөлі, оның оқырмандар қабылдауына әсері жайында айтқан теориялық түсініктемелерін ұсынуы мақаланың маңыздылығын арттыра түскен.