Климаттың өзгеруі және БАҚ-тың ықпалы
DOI:
https://doi.org/10.26577/HJ.2024.v72.i2.14Кілттік сөздер:
климаттың өзгеруі, БАҚ жарияланымы, Қазақстан, БҰҰ Тұрақты даму мақсаттары.Аннотация
«Климаттың өзгеруі» термині негізінен атмосферадағы ұзақ мерзімді өзгерістен туындаған жаһандық жылынуды білдіреді. Бұның негізгі қозғаушы күші - адам әрекетінің кесірінен пайда болған парник газы.
Бұл мақаланың мақсаты - жаһандық деңгейде және Қазақстанда климаттың өзгеру салдарының әртүрлі аспектілерін, бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдарды, қоғамдық сана деңгейін, үкіметтің заңнамалары мен тақырыпқа байланысты білім беру бастамаларын зерттеу. Бұқаралық ақпарат құралдарын, қоғамның хабардар болуын, климаттың өзгеруіне қатысты үкіметтік пен халықаралық ынтымақтастық шараларын зерттеу үшін аралас әдіс қолданылды. Мақалада Қазақстандағы қоғамдық пікірге БАҚ-тың әсерін айқындай отырып, климаттың өзгеруі мәселелері бойынша хабардар болу мен оған қарсы әрекет етудегі журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі мұқият зерттелді.
Зерттеуде беделді ұйымдардың сауалнамалары, әлеуметтік сұраулар мен Google Trends деректері талданды. The Guardian және BBC, тағы сондай сияқты бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдық пікірді қалыптастыруда және ағартушылықта маңызды рөл атқарады.
Қазақстан климаттың өзгеруіне бейім болғандықтан ол туралы бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдарда айтарлықтай жетістіктер байқалады. Дегенмен, ресурс жетіспеушілігі және БАҚ иелерінің назар аудармауы сияқты кедергілер жалғасып жатыр.
Сондай-ақ, климаттың өзгеруі тақырыбының ұлттық оқу бағдарламаларында жеткілікті баяндалмауы, мәселелерді тиімді шешуде қажетті ақпарат алуға кедергі келтіреді. Бұл зерттеу Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге баса назар аудара отырып, климаттың өзгеруіне байланысты күрделі жағдайларды шешуде бұқаралық ақпарат құралдары, үкімет және халықаралық ұйымдар арасындағы одан әрі ынтымақтастықтың негізін қалауға жол ашады.