Жасөспірімдердің бұқаралық медианы тұтынуы: танымал ақпарат көздері және оған сенім деңгейі
DOI:
https://doi.org/10.26577/HJ.2024.v74.i4.2Кілттік сөздер:
медиа, Орталық Азия, цифрлық ұрпақ, медианы тұтыну, ақпаратқа сенім.Аннотация
Орталық Азияда орналасқан 4 мемлекетті 16 миллионнан аса Z ұрпақ мекендейді. Олар әлеуметтің ең белсенді бөлігі болып табылады және медианы тұтыну жағынан өзге топтардан әлдеқайда озық келеді. Өйткені, олар цифрлық технологиялардың қарқынды жетілген тұсында өмірге келді және ерте жастан қолдана бастады. Сонымен бірге жастар заманауи медианың тұтынушысы ғана емес, өздері де ақпарат таратушы: пост жазады, желіге сурет, видео салады, пікір қалдырады, әлеуметтік мәселелерді шешуге де қатысады.
Мақалада Орталық Азиядағы Z ұрпақтың медианы тұтынуының проблемалары зерттеледі, яғни олардың медиамен қарым-қатынасы, ақпарат көздерін таңдауы және оған деген сенім деңгейі қарастырылады. Негізінен Қазақстан, Өзбекстан мен Тәжікстандағы медианың дамуы салыстырмалы түрде талданады. Қырғыз Республикасындағы іс-тәжірибесі де қамтылады. Жұмыстың мақсаты медиа кеңістіктегі өзгеріске сараптама жасап, толғақты мәселелерін саралау және оны жақсартуға қатысты ұсыныс тұжырымдамалар әзірлеу болып табылады. Зерттеудің әдістемесі әлеуметтік зерттеуге, ашық дерек көзі мен бақылауға құрылған. Негізгі нәтижелердің медиа және жарнама саласының мамандары, маркетолог пен әлеуметтанушылар үшін практикалық маңызы бар. Медиа бойынша білім беруде, ақпараттық сауаттылыққа қатысты да қаперге алатын тұстары жетерлік.