Жасанды интеллект дамуы жағдайында медиасауаттылық және журналистиканың халықаралық стандарттары
DOI:
https://doi.org/10.26577/HJ20257848Кілттік сөздер:
медиасауаттылық, цифрлық сауаттылық, ақпараттық сауаттылық, халықаралық журналистика стандарттары, дипфейктер.Аннотация
Бұл мақала медиасауаттылық пен журналистиканың халықаралық стандарттарын жасанды интеллект дәуірінде зерттеуге арналған. Қазіргі таңда жасанды интеллект технологияларының қарқынды енгізілу жағдайында медиасауаттылық журналистиканың сапасын сақтау және азаматтарды қоғамдық пікірді әртүрлі манипуляциялардан қорғау үшін маңызды мәнге ие болуда. Дәлдік, фактчекинг және ақпарат көздерінің ашықтығы қағидаттарына негізделген халықаралық журналистика стандарттары цифрлық ортада жұмыс істейтін редакциялар үшін басты бағдар болады. Соңғы уақытта аса өзекті сын-қатерлердің бірі – әртүрлі фейктер мен дипфейктердің таралуы. Олар шындықты бұрмалап, медиаға деген сенімді әлсірететін синтетикалық аудио және бейнематериалдар болып табылады. Бұл мақалада авторлар жасанды интеллект дәуіріндегі медиасауаттылық мәселелерін ғана емес, сондай-ақ әлем елдеріндегі дипфейктерді қылмыстандыру проблемасын да қарастырады. Біздің ойымызша, дипфейктерді жасау мен таратуды қылмыстық жауапкершілікке тартуды қоса алғанда, нормативтік реттеуді күшейту – оларды дезинформациялық науқандарда және қылмыстық мақсатта пайдаланудың алдын алу үшін қажетті шара болып саналады. Жалпы алғанда, бұл факторлар жаңа технологиялық шындық жағдайында медиасауаттылықты арттырудың және халықаралық журналистика стандарттарын сақтаудың жүйелі тәсілін енгізу қажеттілігін айқындайды.
Жұмыстың мақсаты – жасанды интеллекттің дамуы жағдайында медиасауаттылық пен халықаралық журналистика стандарттарын қолдану мәселелерін зерттеу.
Зерттеу әдіснамасы талдау, синтез, салыстырмалы және жүйелі әдістерді, сондай-ақ құзыреттілік тәсілді пайдалана отырып кешенді және пәнаралық тұрғыда негізделген. Бұл медиасауаттылық пен халықаралық журналистика стандарттарын жасанды интеллектті енгізу жағдайында өзара байланысты элементтер ретінде қарастыруға мүмкіндік берді.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы жасанды интеллект технологияларының ықпалы жағдайында медиасауаттылық пен халықаралық журналистика стандарттарына кешенді талдаудан тұрады. Авторлар медиасауаттылықтың заманауи цифрлық қатерлерге, соның ішінде фейктер мен дипфейктерді жасау мен таратуға қарсы тұру құралы ретіндегі рөлін жан-жақты қарастырды. Ерекше назар олардың құқықтық бағасына және қылмыстандыру мәселелеріне аударылды, бұл ақпараттық кеңістікті қорғаудың нормативтік тетіктерінің қажеттілігін негіздеуге мүмкіндік берді.
